Қазығұрттық полицейлер мал тасымалдайтын 40-қа жуық көлікті тексерді
Қазығұртта мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал сататын орындар тексерілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданының халқы соңғы жылдары жайылымдағы малының қамын ойлап, мазасыз күй кешуде. Оған себеп – ауданда мал ұрлығының өршуі. Осы жағдайға алаңдаған Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырып, мал базарларды қатаң бақылауға алды.
Сақшылар мал тасымалдайтын 40-қа жуық көлікті тоқтатып, құжаттарын тексерді. Тексеру барысында құқық бұзған алты азамат анықталып, құжаттары заңды шара көрілу үшін аудандық ветеринариялық инспекциясына жолданды.
Атап кетер жайт, жыл басынан бері 43 азаматтың әкімшілік құқық бұзғаны анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.