Қазығұртта туысының атынан онлайн несие алған күдікті ер адам ұсталды
Түркістан облысында туысының атынан онлайн несие алған күдікті ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, өзінің танысы құны 60 мың теңге тұратын ОРРО ұялы телефонын қоңырау шалу үшін сұрап, қайтарып бермеген. Полицейлер аталған жайтты ҚК 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабарды алған тәртіп сақшылары аталмыш жайтқа қатысы бар күдіктіні іздеуге кірісті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде күдікті ер азаматты анықтады. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің бөлесі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті ер адам туысының ұялы телефонын уақытша сұрап алып, оның атынан 350 мың теңгеден астам онлайн несие алған. Содан соң ақшаны шешіп алып, несие алғанын білдірмес үшін телефонды жасырған. Осылайша ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап, туысын алдап келген.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды әрдайым сақ болуға шақырады. Ұялы телефонға өзіңізге ғана белгілі құпия сөзді қойып, бөтен біреуге ұзақ уақытқа қалдырмауға кеңес береді.