Қазығұртта үйдің ауласынан велосипед ұрлап кеткен ер адам анықталды
Қазығұртта үйдің ауласынан велосипед ұрлап кеткен ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, үйінің ауласында тұрған қызыл түсті спорттық велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Орын алған қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына келіп, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің қырағылығының нәтижесінде, күдікті ер адам бір тәулік ішінде ұсталды.
Тексеру кезінде күдікті жәбірленушінің тұрғын үйіне әжетхана құрылысын жүргізу үшін келген. Содан үй иесінің жоқтығын байқап, аулада тұрған велосипедті ұрлап кеткен. Бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары велосипедті сатып алған тұрғынды да анықтап, айғақты затты алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.