Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаменті бірінші тоқсанды қорытындылады

Көліктегі полиция департаменті бірінші тоқсанды қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

13 сәуірде Көліктегі полиция департаментінде жедел кеңес өтті. Онда департаменттің 2022 жылғы І-тоқсандағы атқарған жедел-қызметтік жұмысы талқыланды. Жиынға департаменттің басшылығы мен жеке құрамы, оның аумақтық бөліністерінің басшылары қатысты.

Көліктегі ПД-нің бастығы Оңал Бекеев, ең алдымен, жеке құрамға Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың алқа отырысында барлық үдерістерді дебюрократизациялау, ақпараттандыру және оңтайландыру, жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою, кадр саясатын жетілдіру мәселелері бойынша берген тапсырмаларын жеткізді.

– Ішкі істер министрі статистикалық көрсеткішке емес, елдегі жедел жағдайды нақты сауықтыру үшін жұмыс істеу қажеттігін нықтап айтты. Осыған байланысты, Сіздерден жүйелі шаралар қабылдап, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырамын, – деді О. Бекеев.

Бұдан соң ведомство басшысы өз орынбасарларының баяндамаларын тыңдады. Есепті мерзім ішінде елімізде әуе және темір жол көлігі арқылы өткен 47,5 млн астам азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Осы аралықта 601 құқық бұзушылық тіркелген, олардың ашылуы 52,4% құрады. Көлікте жасалған қылмыстардың 61%-ы ұрлық, соның ішінде ұялы телефондарды ұрлау қылмыстарының 100% ашылған болса, ал жүктерді ұрлау қылмыстарының ашылуы 90,9% құрады. Баяндамашылардың айтуынша, қаңтар-наурыз айларында көлік сақшылары есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 123 есірткі қылмысын анықтап, 27 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Бұған қоса, көлік полицейлері 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі “қаңтар оқиғалары” кезінде орын алған қылмыстарды анықтау. Бүгінгі күні департаментте 132 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Нәтижесінде 26 тұлға қамауға алынып, ұрланған 72 қару мен 395 оқ-дәрі тәркіленген. 30 іс сотқа жолданып, кінәлі тұлғалар әртүрлі мерзімдерге сотталған.

Басқосу барысында бірқатар желілік бөлініс басшыларының да есептері тыңдалды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстың жасалу және өсу себептерін анықтау және қоғамдық тәртіпті күшейту бойынша басым бағыттар айқындалып, қойылған міндеттерді шешу үшін нақты мерзімдер белгіленді.

Басқосуды қорытындылаған О. Бекиев әрбір басшыдан кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсете отырып, қызметтік міндеттерін барынша адал атқаруды талап етті. Сондай-ақ ол ЖПБ(б) бастықтарына кадр саясатын жетілдіру, жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою және жауынгерлік-қызметтік даярлықты нығайту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру