Қонақүйде ер адамды бопсалаған түркістандық әйел ұсталды
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жас жігіттің айтуынша, оған облыс орталығындағы қонақүйдің бірінде өзіне массаж жасаған әйел қоқан-лоққы көрсеткен. Ол әйел жас жігітке жала жауып, бопсалап, 500 000 теңге ақша талап еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігімен (Қорқытып алу) тіркеуге алынған.
Ақпарат алысымен тәжірибелі түркістандық полицейлер жедел әрекетке көшеді. Нәтижесінде келесі күні аталған қонақүйде массаж жасаушы әйел арызданушы жас жігіттен ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Оқиға орнынан айғақты зат ретінде 200 000 теңге алынды. Күдікке ілінген әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары әйелдің басқа да істерге қатысы бар-жоғын анықтауда.