Қорадан бірнеше рет мал ұрлаған ұрылар ұсталды
Түркістан облысының полицейлері қорадан мал ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Онда көрсетілгендей тұрғынның ауласына түнгі уақытта белгісіз адамдар кіріп, қорасының есігін бұзып ашу арқылы әрқайсысының құны 150 мың теңге болатын екі бас бұқасын ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға 188-1-бап (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, күдіктілерді іздестіруге кірісті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Төлеби АПБ криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Олар бұрын сотты болған Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Бүгінгі күні тергеу амалдары барысында жігіттердің Төлеби ауданында қорадан мал ұрлау бойынша жеті жайтына қатысы бар екені анықталды. Күдіктілер көбіне ұрлықты түнгі уақытта адамдардың жоқтығын пайдаланып жасаған. Олар көбінесе қарапайым арқанмен байланған қоралардың есіктерін ашып, болмаса қоршауларын бұзып, содан кейін бұқалар мен қойларды ұрлаған. Кейбір кездері қараусыз қалған үй жануарларын алып кетіп отырған.
Мәселен, қыркүйек айының ортасында ұрылар басқа ауыл тұрғынының ауласына кіріп, қорадан 11 бас қойды жымқырып, жәбірленушіге 240 мың теңге шығын келтірген. Күдіктілер ұрланған малды сатып, ал ақшасын бас пайдасының қажеттіліктеріне жұмсаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі миллион теңгеден асты. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар «Мал ұрлығы» бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқан жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер сіз мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.