Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісай ауданында “Қауіпсіз жол” іс-шарасына мектеп оқушыларынан құрылған “Жас жол инспекторлар” қатысты

Түркістан облысы аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру. Сондай-ақ автожолдарда қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, автоапаттылық деңгейін азайтып тұрақтандыру және жол-көлік оқиғалары мен оның салдарының ауырлығын төмендетуге бағытталған жедел әсер тигізу рейдтік шараларын ұйымдастыру болып табылады.

Аталған іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін аудан, қалалық полиция басқарма, бөлімдерінің полицейлері қарқынды қызмет атқаруда. Мысалы, Жетісай АПБ-нің тәртіп сақшылары бұл шараға ерекше форматта өз үлестерін қосуда. Тарқатып айтар болсақ, полицейлер жедел-профилактикалық шараға мектеп оқушылары қатарынан жас жол инспекторлары (ЮИДД), еріктілер, қоғамдық көмекшілерді қатыстырды. Олармен бірге жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында дайындалған жаднамалар қала ішіндегі жүргізушілерге таратылды. Сонымен қатар автожолдардың көрнекі жерлеріне билбордтар ілу жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде №9 Д.Қонаев атындағы мектептің директоры Роза Мұсабекова: – Қауіпсіз жол шарасына полицейлермен бірге біздің оқушылар үнемі қатысып отырады. Биылғы жылы балалар аудандық полиция бөлімінің үндеуі жазылған ескертпе қағаздарын таратты. Жалпы, мектебімізде 22 оқушыдан тұратын “Жас полицей” клубы жұмыс істейді. Қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етіп, әрбір жүргізушінің жол ережесін сақтауына оқушылар да бей-жай қарамайды. Полицейлерге кішкене де болса қолғабыс болғандарына өздері дән риза. Оқушыларымды мақтан етемін. Олар болашақтың нағыз батырлары!, – деп атап өтті.

Ал, Жетісай АПБ бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары Сәкен Жайлыбаевтың айтуынша: – Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың барлығы біздің ауданда жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алатын дене жарақаты мен адам өлімінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда. Осыған орай Жетісай ауданының тұрғындарына Жетісай АПБ-нің Ү Н Д Е У І жарияланып, таратылды. Үндеуді қысқаша түсіндірсем, біздің аудандағы статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі күзгі мақтаны жиын-терім науқаны кезінде орын алады. Себебі, ауыл шаруашылық трактор техникаларының 4-5 дана тіркемелерімен түнгі мезгілде жарық беретін құрылғыларсыз (свето отражатель) көшелерде жүретіндігі және науқан кезінде диқандардың күндіз-түні тынымсыз еңбек етуі. Яғни бұл жол-көлік оқиғаларының орын алуына басты себептердің бірі болып табылады. Сондықтан, ауыл шаруашылық техника басқаратын жүргізушілерге өз көліктерінің техникалық жарамдылығын тексеріп, күзгі науқанға дайындауын сұраймыз. Жалпы, Жетісай аудандық тас жолдарында жыл басынан бері 46 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда алты адам қаза тауып, 58 адам жарақат алған. Яғни ЖКО-ның өсіп жатқандығы байқалуда. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімі тарапынан бірқатар жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізілуде, – деп айтып өтті.

Осылайша Жетісай ауданының полицейлері жас көмекшілермен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қатысушылар арасында жолда жүру қауіпсіздігі бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндірме әңгіме жүргізіп, ЖҚЕ жазылған ескертпе қағаздары таратылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру