Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қос ғашық қоғам тыныштығын бірге күзетеді

Түркістан облысында қос ғашық қоғам тыныштығын бірге күзетеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында қоғам тыныштығын күзеткен отбасылар көп. Ерлі-зайыпты полицейлер қылмыскерлермен күресіп, қылмыстың алдын алу бағытында абыройлы еңбек етуде. Солардың бірі – Тулпаевтар отбасы.

Отағасы Мұрат Мұхтарұлы – полиция сержанты, техник, криминалист. Ал, жұбайы Ардақ Нұрланқызы – полиция аға лейтенанты, ювеналды полиция тобының инспекторы.
Қос тәртіп сақшысы Келес аудандық полиция бөлімінде қызмет етуде. Олар қызметке деген адалдығымен және отбасындағы сыйластығымен өзгелерге үлгі.

Наурыз айында отбасын құрған екі жас бүгінде жұмысқа бірге барып, бірге қайтады. Бірге түскі ас ішіп, кей жиналыстарға да бірге қатысады. Үйде де, қызметте де бірге. Отанасы кешкі рейдке шығарда жолдасы да бірге ереді. Тұрғындардың түнгі тыныштығын бірге күзетеді.

– Жолдасым әріптес болған соң, жұмыс барысын жақсы түсінеді. «Неге кешіктің? – деп ренжіген емес. Менде жолдасымның қызметін білемін. Менде оған ренжімеймін. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Үй-ішілік жұмыстарға да үлгеремін. Басты арманымыз – көп балалы мерейлі отбасы атану, – дейді Ардақ Нұрланқызы.

Тәртіп сақшысы болу – Ардақтың бала күнгі арманы. Бала күнінде полиция болып ойнап, қылмыскерлерді ұстайды екен. Бала арманы алға жетелеп, бүгінде форма киіп, шен тағып отыр.

Ал, Мұратта бұл салаға кездейсоқ келмеген. Отан алдындағы борышын өтеген соң, бірден полицияға қызметке орналасыпты.

Бүгінде қос ғашыққа көпшілік қызыға қарайды. Ерлі-зайыпты форма киіп үйден шығарда үлкендерден бата алады. Ал, қос полицей кешкі астан кейін жұмыс бабын талқылап, қызмет бабындағы орын алған жайттар бойынша пікір алмасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру