Қосшы полицейлері жоғалған 16 жастағы қызды Нұр-Сұлтаннан тапты
Қосшы қаласының полицейлері жоғалған 16 жастағы қызды Нұр-Сұлтаннан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қосшы қаласы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын өтінішпен жүгінді. Әйелдің айтуынша, оның 16 жастағы қызы 30 шілдеде түнгі сағат 01.00 шамасында үйден шығып, хабарсыз кеткен. Қыз WhatsApp мессенджеріндегі қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген, бірақ телефоны мезгіл-мезгіл қосылып тұрған. Кәмелетке толмаған баланың анасы қызын өз бетінше табуға тырысып, сәтсіз іздеулерден кейін полиция қызметкерлерінен көмек сұрады. Жоғалған қыздың орналасқан жерін анықтау үшін полиция бөлімінің қызметкерлері дереу жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың туыстары мен таныстарынан сұрақтарға жауап алып, жақын маңдағы аумақтарды аралап, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімнің орналасқан жері Нұр-Сұлтан қаласынан анықталды. Қазіргі уақытта жасөспірім үйіне қайтарылды.
Ақмола облысы ПД ЖПҚБ ювеналдық полиция бөлімі үйден ұзақ уақытқа өз еркімен бір реттен артық кеткен әрбір жасөспірім есепке қойылатынын, материал жергілікті атқарушы орган жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралатынын еске салады.
Үйден жүйелі түрде кетулер кезінде бала тәрбиелеуде міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.