Қостанай облысында браконьерлерге қарсы 12 қылмыстық іс тіркелді
Қостанай облысында браконьерлерге қарсы 12 қылмыстық іс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 20 қазаны мен 19 қарашасы аралығында Қостанай облысының аумағында браконьерлік және табиғатты қорғау заңнамасының басқа да құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге және анықтауға бағытталған «Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мақсатында күшейтілген рейдтер жүргізетін арнайы мобильді топтар құрылды. Сондай-ақ аңшылық алқаптарға апаратын автожолдарда автомашиналарға жануарлар және атыс қаруын заңсыз алып өтуді анықтау үшін арнайы тексеру жүргізу мақсатында мобильді блок-бекеттер құрылды.
– Аңшылардан табиғат қорғау заңнамасын, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында аңшылық кезінде және атыс қаруын қолдану кезінде жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, – деді облыстық ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ғазретғали Әлімғазин.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 527 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 214 адам, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 313 адам жазаланды. Олардың барлығына 5 млн. 284 мың теңге айыппұл салынды. Экологиялық қылмыстар жасағаны үшін 12 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде сегізі – ҚР ҚК 339-бабы бойынша (Жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен және олардың бөліктерімен заңсыз жұмыс істеу), төртеуі – ҚР ҚК 337-бабы бойынша (Заңсыз аңшылық).