Қостанай облысының полицейлері оқушыларға арналған концерт ұйымдастырды
Сарыкөл ауданының полицейлері оқушыларға арналған концерт ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығының» соңында Сарыкөл полиция бөлімінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен аудан мектептерінің оқушыларына арналған концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ апта бойы өткізілген бірнеше байқаулардың қорытындысы шығарылды.
«Қамқор Ана» байқауында «Краснодон жалпы білім беретін орта мектебі» КММ-нің 2-сынып оқушысының анасы Татьяна Конева үздік атанды. «Жүргізушіге хат!» конкурсының үздігі Новоурицкий жалпы білім беретін орта мектебінің 2-сынып оқушысы Анжелика Плеханова атанды. «Студенттік идеялар мен бастамалар – қауіпсіз қозғалыс үшін» байқауында бірінші орынды «Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің» студенттері Сарбасов Рамазан мен Сарбасов Сүлеймен бөлісті.
– Балаларды жолдарда дұрыс мінез-құлыққа үйрету ерте жастан басталуы керек. Біздің балаларымыз – бізде бар ең маңызды, ең баға жетпес байлық. Біз оларды қорғап, үнемі қамқорлық жасауымыз керек. Оқушыларымыздың өткізген акциялары жүргізушілерді жолдардағы мінез-құлықтары туралы ойландырады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Сарыкөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Мереке Жанзақов.
Концерт барысында балалар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын ЖКО-ның алдын алуға бағытталған бірнеше әлеуметтік роликтерді тамашалады. Мерекелік концерт көрмемен жалғасты, онда полицейлер балаларға арнайы қорғаныс құралдарын – қалқандарды, дулығаларды, кісендерді, сондай-ақ Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын көрсетті.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Талғат Жүсіповтың айтуынша, мұндай кәсіптік бағдар беру іс-шаралары оқушыларға болашақта мамандық таңдауды анықтауға көмектеседі және жастардың қоғамда дұрыс, қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Іс-шараның ең кішкентай қатысушылары шыққан кезде полицейлер сыртқы киімдеріне автокөлік жарық шамдарына шағылысатын фликерлерді жапсырды.