Қостанай облысының тұрғынынан Сібір елігінің екі қаңқасы тәркіленді
Қостанай облысының тұрғынынан Сібір елігінің екі қаңқасы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының аумағында 20 қазаннан 19 қарашаға дейін экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» республикалық ЖАШ жүргізілуде. Аймақта аңшылық алқаптарын тексеретін арнайы құрылған топтар жұмыс істеп жатыр.
Қостанай облысы ПД табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Талғат Ахметов Меңдіқара ауданында заңсыз аң аулау фактісін анықтау туралы толығырақ баяндап берді.
– 29 қазанда «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Меңдіқара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері заңсыз аң аулау фактісін анықтады. Алқаптардың бірін тексеру кезінде полиция қызметкерлері Татьянов ауылының 59 жастағы тұрғынының үйінен тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тапты. Одан әрі үйдің қасындағы қосымша құрылыстан Сібір елігінің екі қаңқасы табылды. Жануарларды атуға лицензия болған жоқ, – деп атап өтті полиция қызметкері.
Осы факті бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу туралы тілхат» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қостанай облысы ПД жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясының қызметкерлерімен заңсыз аң аулаудың 10 фактісін анықталғанын, олардың барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеулер басталғанын атап өтті. Қостанай облысында жыл басынан бері елдің табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 591 бұзушы тартылды.