Қостанай полицейлері 9 ұрлыққа қатысы бар Ақмола облысының тұрғындарын ұстады
Қостанай полицейлері тоғыз ұрлыққа қатысы бар Ақмола облысының тұрғындарын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әулиекөл ауданының және Қостанай ауданының полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында екі ай бойы үш ауданның аумағында аккумуляторларды жымқырумен айналысып келген ұрылар тобын қолға түсірді. Ұрылар Ақмола облысының 32 және 27 жасар тұрғындары болып шықты.
Қылмыскерлер үйлердің жанында тұрған жүк көліктерінің аккумуляторларын ағытып алып отырған. Ұрылардың мекен-жайын және ұрланған мүлікті өткізетін орындарын анықтау үшін жедел қызметкерлер үш күннен тосқауылда отыруларына тура келді. Қазіргі уақытта олар ұсталып, қамауға алынды.
Әрбір ұрының рөлі алдағы тергеу барысында анықталатын болады. Ұсталған ұрылардың Әулиекөл, Алтынсарин, Қостанай аудандары аумағында тоғыз ұрлыққа қатысы барлығы анықталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, қылмыстық істің материалдарына біріктірілді.
Бүгінгі таңда жедел бөлімшелердің қызметкерлері басқа да қылмыстарды анықтауға бағытталған іс-шаралар өткізуде.