Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция мен қоғам белсенділері жол қауіпсіздігін тексеруде

Қостанайда қоғамдық көлік басқаратын 78 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс аумағында «Автобус» республикалық жедел – алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық  көліктерге ауқымды тексерістер басталды. Іс-шараға қоғам өкілдері мен көліктік бақылау инспекциясы белсенді қатысуда.

Полицейлердің айтуынша, автобус жүргізушілері маневр жасау ережелерін жиі бұзады және телефонмен сөйлеседі. Бұл апаттың негізгі себептері болып табылады.

Шараның бірінші күні қозғалыс барысында ұялы телефонмен сөйлескені үшін 13 жүргізуші, жылдамдықты асырғаны үшін 2 жүргізуші, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 11 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, автобустардың техникалық байқауынан өтпеген 9 көлік, сондай-ақ рейс алдындағы медициналық тексеруден өтпеген 2 жүргізуші анықталды.

– Іс-шараның мақсаты-автомобиль жолдарында жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасындағы тәртіпті қадағалау. Сондай – ақ бізбен көліктік бақылау инспекциясының, «Nur Otan» партиясының және жұртшылық өкілдері бірлесіп жұмыс істейді, – деді Қостанай облысының ПД жергілікті полиция қызметінің қызметкері  Айнұр Жұмағұлова.

Мобильді топ таңертеңнен бастап Рудный-Қостанай тас жолында жұмыс істеді. Осы жолда Лисаков-Рудный-Қостанай қалалары арасындағы қоғамдық көліктің басым бөлігі жүреді.

Патрульдік полиция инспекторлары автобустар мен шағын автобустарды тоқтатып, көліктің  жолаушыларды тасымалдау талаптарына сәйкестігін тексерді.

Мысалы, «Қостанай – Арқалық» және «Федоров-Қостанай» тұрақты маршруттарындағы екі автобус міндетті техникалық байқаудан өтпеген.

Алтынсарин ауданы Силантьев ауылының тұрғыны автобусқа қосымша кресло орнатқан. Автокөлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Лисаков және Жітіқара қалаларында жолаушыларды заңсыз тасымалдағаны үшін екі жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Қостанай-Рудный тас жолында Қамысты ауданының Фрунзе кентінен облыс орталығына жолаушыларды заңсыз алып келген шағын автобус тоқтатылды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге 40 автобустың өрт қауіпсіздігіне сәйкестігін тексерді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру