Қостанайда қырағы әйел 500 мың теңгенің алаяқтарға аударылуына жол бермеді
Қостанайда қырағы әйел 500 мың теңгенің алаяқтарға аударылуына жол бермеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Раузет" әмбебап дүкенінде азаматтық қырағылықтың арқасында ықтимал алаяқтықтың жолы кесілді.
Банкомат жанында егде жастағы әйелдің 500 мың теңге көлеміндегі ақшаны аударуға әрекеттеніп жатқанын байқаған басқа бір әйел оның алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін екенін сезген. Ол дер кезінде араласып, зейнеткерге алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін түсіндіріп, ақшаны аудармауға көндірген.
Оқиғаға бейжай қарамаған әйелдер бұл туралы "102" нөміріне хабарлаған.
Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары қажетті шараларды қабылдады. Егде жастағы әйел мән-жайды анықтау үшін Қостанай қаласының полиция басқармасына жеткізілді.
Азаматтың дер кезінде әрекет етуі мен полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының нәтижесінде 500 мың теңгенің ықтимал алаяқтық жолмен иемденілуіне жол берілмеді.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады!
Алаяқтар психологиялық қысым көрсету арқылы адамдарды белгісіз шоттарға ақша аударуға көндіретін түрлі тәсілдерді қолданады.
Бейтаныс адамдардың нұсқауымен қаржылық операциялар жасауға асықпаңыз. Күдікті жағдайға тап болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.
Сіздің қырағылығыңыз өзіңізді ғана емес, өзгелерді де алаяқтардан қорғауы мүмкін!
