Қостанайда жоғалған оқушы балалар арбасында ұйықтап қалған
Қостанайда жоғалған оқушы балалар арбасында ұйықтап қалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 қыркүйекте Қостанай қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны 8 жастағы баласын іздеуге көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінді. Әйел баласының сағат 11:00 шамасында үйден шығып, оқуға кеткенін, алайда мектепке бармағанын айтты. Кәмелетке толмаған баланы іздеуге қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы дереу бағытталды.
Сондай-ақ, іздеу шараларына еріктілер қатысты. Бала түнде Юбилейный шағынауданының көрші кіреберісінен табылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлар мен іздестіру бөлімінің қызметкерлері оны ұйықтап қалған жерінен балалар арбасынан тапты. Оның мектепке бармағаны белгілі болды, күні бойы аулада ойнап, кейін бесікарбада ұйықтап қалған.
Баланың анасы полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, қызметтеріне табыс тіледі.