Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайлық полицей Белоруссияда бокстан дебюттік жекпе-жекте жеңіске жетті

Қостанайлық полицей Белоруссияда бокстан дебюттік жекпе-жекте жеңіске жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысының Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ взводының командирі Қуаныш Бабакаев Минск қаласында кәсіпқой бокс бойынша алғаш күш сынасып, жеңіспен оралды.

Аталған спорттық жарыста Қазақстан, Иран, Дағыстан және Беларусь спортшылары бақ сынасты. Қостанайлық полицей еліміздің жалғыз өкілі ретінде қатысып, жергілікті боксшыны жеңді.

Полицей алғашқы кәсіби бокс бәсекесіне бір айға жуық дайындалды. 2005 жылы ол бокс рингінде өзінің соңғы әуесқойлық жекпе-жегін өткізген.

– Бірақ мен ешқашан спорттан бас тартқан емеспін, үнемі жаттығып жүрдім. Кәсіби боксқа бару менің бала күнгі арманым болатын. Мен белгілі жаттықтырушы Сергей Кособуцкий және оның ұлы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы Жан Кособуцкийден тәлім алудамын, осы кісілердің арқасында аталған сайыс жолдамасына ие болдым. Бұл жеңіс менің жаңа жетістіктерімнің бастауы болады деп үміттенемін, – дейді полиция майоры.

35 жасар полицей, сонымен қатар жауынгерлік самбо, әскерлік қоян-қолтық ұрыс, ушу саньда, кудо бойынша түрлі чемпионаттарға қатысқан. Ал 2012 жылдан бастап жас қызметкерлерді баптаумен айналысуда, олардың арасында Аманбек Жаманқараев, Асқар Абдулла, Сая Әуелбекова сияқты халықаралық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып жүрген полицейлер бар.

Қуаныш Бабакаев келер жылы Германияның Гамбург қаласында өтетін кәсіби бокс кешіне қатысуды жоспарлауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру