Қостанайлық полицейлер бейімдеу орталығынан кетіп қалған жасөспірімдерді тапты
Қостанайлық полицейлер бейімдеу орталығынан кетіп қалған жасөспірімдерді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рудныйлық екі жасөспірім отбасылары өмірлік қиын жағдайда болғандықтан, арнайы мекемеге орналастырылған. 11 жастағы кәмелетке толмағандардың бірінің орталыққа орналасқанына шамамен бір ай болса, 12 жастағы екіншісі екі күн бұрын ғана келіпті. Тәрбиешілер балалардың жоғалғанын байқай сала бірден полицияға жүгінді. Кәмелетке толмағандарды іздеуге полицияның барлық жасағы бағытталып, сауда орталықтары, қала жағалаулары мен саябақ аймақтары тексерілді. Сауда орталықтарының бірінің күзетшілері бейнекамераларды қарау кезінде жасөспірімдерді сауда залында көргенін айтты. Кейін олар Рудный қаласына жету үшін автотұрақтан көлік іздеген.
Қостанай қаласы Полиция басқармасының Криминалдық іздестіру бөлімшесінің бастығы Жандос Кенжебековтің айтуынша, іздестіру шаралары осы ауданда топтастырылды. Кәмелетке толмағандар автобекет маңынан табылды, олар көрші қала Рудныйға жаяу бармақ болған.
Қазіргі уақытта балалар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қайтарылды, олармен психолог және мамандар жұмыс істеуде.