Қостанайлық қаскүнем гүл сататын дүкенді тонаған
Қостанайда полицейлер гүл сататын дүкенді тонаған күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 28 ақпанда сағат 19:34-те Қостанай қаласының ПБ «102» пультіне Жеңіс көшесіндегі гүл дүкенінің тоналғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Сатушының айтуынша, бейтаныс адам дүкенге кіріп, кеңсе пышағымен қорқытып, 21 мың теңге ақша мен бір гүл шоғын алып кеткен. Дүкен сатушысы бірден полицияға қоңырау шалғандықтан, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Дәулет Досмаилов пен Архат Қайыржанов қаланы патрульдеу барысында күдіктіге ұқсас адамды ұстады, сатушы оны бірден таныды. Күдікті бұрын сотталмаған 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ол мас күйде болған.
Тәртіп сақшылары гүл шоғын дүкенге қайтарды, алайда күдікті азамат ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген. Өз кезегінде жәбірленуші азаматша полицейлердің кәсіби шеберлігін атап өтіп, Полиция департаменті бастығының атына алғыс хат жазды.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.