Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары тарихи деректермен танысты

СҚО Полиция департаменті мұрағатының қызметкерлері қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарын тарихи деректермен таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының Арнайы мемлекеттік мұрағатында заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған солтүстікқазақстандықтар жайлы қылмыстық істер сақталды. Осындай құжаттардың бірінің көшірмесін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей экспозициясынан көруге болады. Ол құжатты музейге Отанына опасыздық жасады деп айып тағылғанның жұбайы ретінде сотталған әйелдің қызы СҚУ оқытушысы Бақыт Бегенова тапсырған болатын.

Қазақ бастауыш мектебінің мұғалімі Мүслима Ілиясованың жұбайы Петропавл Қазақ педтехникумының директоры Әнас Ілиясов “кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйымына қатысты” деген айыппен 1937 жылы 26 желтоқсанда қамауға алынады, осы сәттен әйелдің өмірі тас-талқан болады. 1938 жылы 9 наурызда жұбайы ату жазасына кесіліп, 6 сәуір күні Мүслиманы да алып кеткен. Ішкі істер халық комиссариаты жанындағы Ерекше кеңестің шешімімен әйел Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріне қамалады. Мүслима Петропавлға тек 1949 оралады, келген соң мұнда паналайтын жері де болмайды. Естекен Бегеновке екінші рет тұрмысқа шыққан кейін, оның өмірі бір арнаға түскендей болады. Кейін қызы Бақыт дүниеге келеді, ол анасының тартқан азабы туралы төртінші курста оқып жүргенде бірақ білген.

– Бірде анам басынан өткен күндері жайлы сөз қозғады, – дейді ол. – Оның қайтпас қайсарлығы мені таң қалдырды. Лагерьде көрген қайғы-қасіретін, Кеңес үкіметіне, Сталинге деген ренішін білдірген емес. Анамды білген адамдар оның күлімдеген көздерін және шексіз мейірімін естеріне алатын. Анам қайтыс болғаннан кейін заттарының арасынан мемлекеттік органдарға жазған хаттары сақтаулы ридикюльді тауып алғанда анамның көрген қайғы-қасіретін ойлап, жүрегім сыздады.


Мүслима өмір бойы әділдік жолында күрескен екен. Бірінші күйеуінің жазықсыздығын дәлелдеу үшін бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған және көздегеніне жетеді – Әнас Ілиясов 1957 жылы, Мүслиманың өзі бір жылдан кейін ақталып шығады.

Бақыт Естекенқызы тарихи құжаттарды 1990-жылдардың басынан бастап зерттей бастаған. Бірде Ұлттық музейде болған кезінде жас кезіндегі Мүслима Ілиясованың суретінің қасында ілініп тұрған сол бір ерекше шешімнің көшірмесіне көзі түседі. Көшірме әбден сарғайып, жазуы анық көрінбей қалған екен. Петропавлға келгеннен кейін Бақыт Бегенова полиция мұрағатына жүгініп, жаңа көшірмесін алған соң елорда музейіне табыс етеді.

– Мен үшін анамның есімі ұмытылмауы маңызды, – дейді ол. Өмірімдегі жетістіктерге анамның берген тәрбиесі арқылы жеттім. Оның жымиғаны, айналасындағыларға мейіріммен қарағаны және төзімділігі – мен үшін үлгі, ерліктің жарқын дәлелі.

СҚО Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мұрағатының мамандары отбасы тарихын қалпына келтіргісі келген адамдарға әрқашан қол ұшын созуға дайын. Ол үшін өтініш жазып, туыстықты растайтын құжаттарды ұсынса болғаны. Мұрағат мамандары анықтама беріп, процессуалдық сипатқа жатпайтын материалдармен танысуға мүмкіндік береді. Егер қылмыстық істе қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке құжаттары болған жағдайда, құжаттар жақындарына беріледі. Жыл басынан бері қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарының материалдарымен танысуға он адам жүгінді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру