Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізілді
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 наурыз – Көрісу күніне орай Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жеке құрамы бір-бірімен құшақ жайып амандасып, мерекелік құттықтады. ҚАЖК қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі күні өмір ырғағы жылдамдап, қарым-қатынас негізінен виртуалды форматқа ауысқан шақта, Көрісу күні адамдар арасында, әсіресе ұрпақтар арасында тікелей байланыс орнатудың ерекше маңызын көрсетеді. Бұл мереке – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-бабаны еске алу әрі жақындармен жылы жүздесудің тамаша мүмкіндігі.
Наурызнама аясында қазақстандықтар экологиялық шараларға белсене қатысып, ағаш отырғызу, қоғамдық кеңістікті абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы табиғатқа деген жанашырлығын көрсетеді. ҚАЖ комитетінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлері де осы игі бастамаға қолдау білдірді.
20 наурызда ҚАЖ комитетінде ұлттық ойындарға арналған жарыстар ұйымдастырылып, бөлімдер мен басқармалар арасында сайыс өтті. Жеке құрам мүшелері арқан тарту мен асық ату ойындарына қатысып, ерлер арасында гір тасын көтеру жарысы өткізілді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте:
• Бірінші орынды қадағалау және күзет режимі басқармасы мен Заң тобы иеленді.
• Екінші орын ақпараттандыру және байланыс басқармасына бұйырды.
• Үшінші орынға жедел басқару басқармасы мен ақпараттық саясат бөлімі лайық деп танылды.
Осындай іс-шаралар ҚАЖ комитетінің аумақтық департаменттерінде де ұйымдастырылды. Бұл мереке ұжымдық рухты нығайтып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге үлкен үлес қосты.