Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен өнер қатар жүрсе…

Өнер – адам таңдамайды. Өнерге ақ найзаның ұшы, білектің күші қажет емес. Тек оны жан тәнімен ұғыну керек, сезіну керек. Өнердің әлеміне ене алу керек. Құдай жаратқан пендесін өнерден алыс етпесе, ол өрге жүзеді. Бойында таланты бар жан қандай қызметте жүрсе де, өнері оны көкке жеткізеді. Бұған дәлел – ІІО қызметкері Ердәулет Жамбулов. Ол ҚР ІІМ үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінде қызмет етеді. Антқа адал Ердәулет бүгінде Ішкі істер министрлігі ғимаратының қауіпсіздігіне жауапты. Иығына погон таққан офицер қызметтің ауырлығы мен асқан жауапкершілігіне қарамастан қазақтың қара домбырасынан алыстаған емес. Polisia.kz сайтының тілшісі қызмет пен өнерге құрметі жоғары Ердәулетпен болған әңгімесін ұсынады.

Басынан бастайық. Кім? Қайда? Қашан?

Полиция лейтенанты Ердәулет Жамбулов 1995 жылдың күзінде дүниеге келген. Шырайлы Шымкент қаласының тумасы. Отбасында төрт перзенттің кенжесі. Бүгінде келіншегі Назерке екеуі Аяла есімді қызды тәрбиелеп келеді. Полиция қызметкерінің айтуынша, ол өнер адамы болуды бала кезден армандаған.

Осы орайда сұрақ туындайды. Бала арман ержете келе өзгерді ме әлде сахна оны жатсынды ма?

– Иә, өнер адамы болу – бала арманым.  Арман қуып Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Домбырамен ән салу» мамандығы бойынша  бітірдім. Азды көпті өнер саласында жұмыс жасағаным бар. Арманым адастырған жоқ. Өнерді жаным сүйеді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ІІО-ның қызмет саласына үлкен қызығушылықпен келдім. Қазіргі таңда үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінде қызмет атқарамын. Қызметтегі міндетім – объекті ішілік режимді, яғни тәртіпті қамтамасыз ету. Бұл салада қызмет еткеніме бір жылдан асты, – деді Е. Жамбулов.

Өнерлі жігіт өрге озар

Ердәулеттің сөзінше, оған өнер әкесінен де, нағашы жұртынан да дарыған. Ол кісілердің музыкалық сауаты болмаса да, естіген әуенін домбыра немесе түрлі аспаптарға салып ойнай алады екен.

Өнер – нәзік әлем. Сол әлемнен темірдей тәртіптің ортасына ауысқаны үшін Ердәулеттің өкінген сәттері болды ма? Қалай ойлайсыз, полицияда қызмет еткен қиын ба? Әлде өнерде ме?

– Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі мен қиындығы болады. Өз ісіңді жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен істесең, қиындығы мәселе болмайды деп ойлаймын. Мен өз ісімді жақсы көремін, сондықтан маған өнер де, ІІО-да қызмет атқарған да қиын емес. Жалпы, жан дүнием, ойым, болмысым шығармашылыққа жақын болғандықтан өнерде жүрген кезімді сағынамын. Бірақ менде өкініш жоқ. Себебі қазіргі қызметіме өз қалауыммен келгенмін. Өзімді тек өнер саласында ғана емес, жан-жақтан көргім келеді.

Тағы басқа қандай аспаптарда ойнай аласыз?

– «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, ұлттық аспабымыз домбыраны жетік меңгергенмін. Одан басқа гитара, сыбызғы, аспаптарын өз бетімше үйренгенім бар. Әр аспап өз ерекшелігімен, құндылығымен жүрегімнен орын алады. Оларда ойнаған сайын жаным тынышталады.

Қандайда бір республикалық конкурстарға қатысып көрдіңіз бе?

– Студенттік кезден бастап республикалық конкурстарда бой көрсетіп жүрдім. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін өмір ғой.. Бір шама үлкен конкурстарда жүлделі орын бұйырған. Қызметке келген жылы Қазақстан полициясына 30 жыл толуына байланысты «ІІО қызметкерлері арасында республикалық өнер» сайысы болды. Сол сайыста бабым мен бағым қатар шауып, жүлделі бірінші орынды иелендім. Жалпы, қызметте басқа да іс-шараларға қатысып тұрамын.

Ердәулет, сізді болашақта үлкен сахнадан көруіміз мүмкін бе? Әлде өнеріңіз тек хобби ретінде қала ма?

– Болашақта бәрі мүмкін. Жоспар көп. Жалпы, іштегі өнердің сәулесін тұншықтырмаймын. Дәстүрлі ән саласын қайтадан жандандыруға үлесімді қосамын деген ойдамын. Болашақты болжап, ашық айта алмаймын.

Сіз туралы әріптестеріңіздің ойы қандай? Сіздің өнеріңізге қызығатындар көп шығар?

– Мен жайлы әріптестерім қандай ойда екенін білмеймін. Бірақ ұжымым әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Концерттік іс-шараларда көрсеткен өнеріме қызығып, «Бізге де үйретші, қанша уақытта үйреніп кетемін?» деп қызығушылықпен сұрайтын әріптестерімнің қатары аз емес, – деп сөзін аяқтады өнерлі полицей Ердәулет.

Жалпы, полицияда қызмет ету үшін табандылық пен қайсарлық, батырлық пен батылдық қажет. Білім мен біліктілік, өнерге деген құштарлық қатар жүрсе, қызметтің жанға қуаныш сыйлайтыны, еңбектің еленетіні сөзсіз. Ер-мінезді, антқа адал, сертке берік, ел қорғаны Ердәулеттей полиция қызметкерлерінің қатары көбейе берсін!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру