Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметі мен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы әйел полицей

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

Полицияда ерлермен қатар абыроймен қызмет атқарып жүрген әйел полицейлер баршылық. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей.

Солардың бірі – Шымкент қаласы Полиция департаментінің Қаратау АПБ Штаб тобының аға инспекторы – Сәуле Тілеуқабылова.

Полиция майоры ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай жетістіктерге де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен де көрініп жүр. Отбасында төрт ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана.

Сәуле Жарылқасынқызы алғашқы еңбек жолын 2002 жылы ҚР ІІМ Қарағанды облысының арнайы полициясының жол полициясы бөлімшесінің инспекторы лауазымынан бастайды. 2003 жылдың ақпан айынан Қарағанды облысының ҚР ІІМ арнайы полициясының 4-бөлімінің техник-криминалисті лауазымына тағайындалады. 2008 жылдың қараша айынан бастап ҚР ІІМ арнайы полициясынының Приозерск қаласындағы 4-бөлімнің ұйымдастыру-аналитикалық тобының инспекторы қызметіне ауысады. 2012 жылдан бастап Қарағанды облысы Приозерск қаласының Штаб аға инспекторы лауазымына тағайындалады. 2020 жылдың 11 желтоқсаннан бастап Шымкент қаласы Полиция департаментінің Қаратау АПБ Штаб тобының аға инспекторы болып қызмет атқарып келеді.

Қызметте де, отбасында да үнемі қолдау көрсетіп, бірге қол ұстасып келе жатқан жолдасы да полиция қызметкері. Бүгінде Сәуленің жолдасы отставкадағы полиция майоры Қанат Раимбеков ҚР ІІМ зейнеткері. Полицейлерден құралған үлгілі отбасында төрт бірдей болашақ Отан қорғаушылар өсіп келеді. Бейбарыс, Дарын, Диас, Алихан есімді балалары болашақта полиция қызметін таңдап жатса, таң қалмаймыз дейді Сәуле Жарылқасынқызы. Өйткені, “ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, ата-анасының халық үшін етіп жатқан еңбегін көрген бала да осы саланы таңдары заңдылық.

– Әйел болсақ та, жұмысымыз – қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың қорғаны болу. Талапқа сай жауапкершілікпен қызмет атқаруға тырысамыз. Негізі әйел полицейлер мен ер азаматтардың қызметтегі айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Екеуінің де міндеті – халыққа қызмет көрсету. Әйел полицейлер қоғам мен бесік тыныштығына қатар жауапты. Қызмет бабында үй шаруасына үнемі қолымыз тие бермейді. Ерте тұрып жұмысқа барамыз, кейде кеш келеміз. Әйел заты болған соң, отбасына да көңіл бөлу керек. Форма кигеннен кейін соған сай жауапкершілікті сезінеді екенсің. Сондықтан да, өз жұмысымды ерекше адалдықпен атқарып келемін. Әр адам сүйікті жұмысынан ләззат алу керек. Менде өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді Сәуле Жарылқасынқызы.

Ендеше, барша нәзікжанды қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, отбасына амандық, өзіне шыдамдылық пен қайсарлық тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру