Қызметіне адал Анар Сабырғалиқызы
30 жылдан астам уақыт бойы Атырау облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасында жетекші маман қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдары саласында көзге түсе бермейтін, тасада қалатын, бірақ атқаратын рөлі ауқымды қызмет түрлері болады. Солардың бірі басқарма, бөлімдердегі
барлық іс-құжаттар, қағаздарды қабылдап-таратып, өзге де жұмыстарды атқарып отыратын, иығына погон тақпаса да жұмысына ертемен келіп, кеш кететін департаменттің басқарма, бөлімдеріндегі жетекші мамандар.
Сондай жандардың бірі, бірегейі – Анар Нұрғалиева. Қызметінде ақиқат пен шындықты, әділдікті ту ететін Анар Сабырғалиқызы ерекше жан. Алғаш еңбек жолын 1985 жылдың қаңтар айында Атырау қалалық прокуратурасының кеңсе меңгерушісі болып бастайды. 1989 жылдың ақпан айынан облыс ішкі істер органдарында, атап айтқанда, тергеу саласында қызмет етіп келеді.
30 жылдан астам уақыт бойы Атырау облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының жетекші маманы лауазымында.
– Ұжымда абыройлы. Анар Сабырғалиқызы қызметіне адал, сабырлы, әр ісіне ыждағаттылықпен қарайды. Сауатты қызметкер. Осы жылдар ішінде өзін білімді, қызметтің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маман ретінде өзін танытты, – дейді Тергеу басқармасының басшылығы.
ІІМ тарапынан алған марапаттарының қатарында облыстық Полиция департаменті басшылығының да көптеген грамота, алғыс хаттар алды. Қызмет бабында табандылық танытып, өз уақытымен санаспай жұмыс жасайды. Осы мерзім ішінде Анар Сабырғалиқызы тергеу қызметіне «сіңісіп» кеткендей, өйткені көп жылғы тәжірибесі бар, кейде тергеу қызметін де кәсіби деңгейде білетінін көрсетіп жатады.
– Анар Сабырғалиқызының кей мезгілде жетекші маман екенін ұмытып тергеуші лауазымын атқаратындай көзқарас танытамыз. Себебі, ол болмаса біздің ісіміз жүрмейтіндей көрінеді.Тергеу басқарамасына келген барлық іс-құжаттар Анар Сабырғалиқызының алдынан өтіп, жеке-жеке тапсырмаларымызды қолынан аламыз. Ұжымда үлкен-кіші деп бөліп-жармай, бәрімен ортақ тіл табысып, үнемі қызметтік бөлмемізді Анар Сабырғалиқызы өзінің пейілімен жарқыратып отырады, – дейді Полиция департаменті Тергеу басқармасының аймақтық бақылау бөлімінің бастығы Зарина Наурызбаева.
Қиыны мен қызығы қатар жүретін салада қызмет ететін Анар Сабырғалиқызын әріптестері қашанда мақтан тұтады.