Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметіне адал тәртіп сақшысы

Қызметіне адал тәртіп сақшысы, ту ұстаушы ретінде сапқа алып шығатын Айбар Мырзағазин қызметі жайлы айтып берді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тұтастығының алтын қазығы. Осы киелі белгілерді асқақтата көтеріп, салтанатты жиындарда ел намысын қорғап жүрген жандардың орны ерекше. Солардың бірі – ішкі істер органдарында қызмет етіп, Мемлекеттік туды ту ұстаушы ретінде сапқа алып шығатын аға лейтенант Айбар Мырзағазин.

Айбар 2002 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келіп, Тәуке ауылында ержетті. Бала кезінен заң қызметкері болуды мақсат тұтқан ол, арманына жету жолында бір сәт те іркілген емес. 9-сыныпты тәмамдаған соң, С.Аманжолов атындағы ШҚУ жоғары колледжіне заңгер мамандығына оқуға түседі. 2021 жылы диплом алған сәтте, алдынан “әскери билетсіз полиция қатарына қабылдамаймыз” деген талап шығады.

Жас жігіт басқалар секілді уақыт өткізіп отырмай, бірден әскери комиссариатқа аттанады. Тағдырдың жазуымен ол еліміздің ең беделді әскери бөлімі – “Айбын” президенттік полкіне іріктеудің соңғы күндерінде барып үлгереді. Дәл осы табандылық оның болашақ офицерлік жолының бастауы болды.

Президенттік полктегі қызмет – кез келген сарбаз үшін үлкен сын әрі шыңдалу мектебі. Таңертеңнен кешке дейінгі қатаң саптық дайындықтар, әскери тәртіптің темірдей қағидалары жас офицердің бойындағы ерік-жігерді қалыптастырды.

— Басында өте қиын болды, күнделікті саптық дайындық төзімділігімізді сынады. Бірақ, сол кездегі қиындықтар бізге ешкімге жалтақтамауды, өз мақсатымыз үшін тура жүруді үйретті, – дейді Айбар.

Бүгінде Айбар тек салтанатты рәсімдерде ту ұстаушы қызметін атқарып қана қоймай, тәжірибелі тәлімгерге айналды. Ол жас буынға Мемлекеттік туды ұстаудың қыр-сырын, оның қадір-қасиетін, әрбір қадамның нық болуын үйретеді. Ол үшін ту – жай ғана мата емес, ол – бабалар аманаты, елдіктің символы.

— Туды қолыңа алғанда, бойыңды өзгеше сезім билейді. Бұл – жай ғана міндет емес, халық пен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңдағы басты міндетім – осы жауапкершілікті өзімнен кейінгі жас сарбаздардың жүрегіне ұялату, – дейді жас офицер.

Айбар – тек қызметкер ғана емес, спортшы. 2020 жылы қолма-қол жекпе-жектен спорт шеберіне үміткер атанған ол, спортты өмірлік тәртіптің негізі деп біледі. Оның өмірлік ұстанымы қарапайым әрі салмақты: адал қызмет ету, ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.

Бүгінде Айбар секілді жас офицерлерді көргенде, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімі оянатыны сөзсіз. Оның өмір жолы – мақсатқа жетудің басты жолы – білім, еңбек және темірдей тәртіп екенін дәлелдейтін жарқын мысал. Мемлекеттік рәміздерге деген осындай терең құрметпен қызмет еткен офицеріміз ел сенімін ақтай береріне сеніміміз мол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру