Жетісу облысында тәртіп сақшысы қызметінің қыр-сырымен бөлісті
Жетісу облысында тәртіп сақшысы қызметінің қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Әсел Меделханова үшін әрбір жұмыс күні азаматтарға қызмет көрсетуден басталады.
Таңғы уақыттан бастап көші-қон қызметінің қабылдау бөлмесінде жеке куәлік алу, құжаттарын рәсімдеу, азаматтық мәселелерін шешу және шетел азаматтарының құқықтық мәртебесін реттеу бойынша тұрғындарды қабылдау жұмыстары жүргізіледі. Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғандықтан, қызметкер әр мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Әсел Меделханқызы көші-қон саласындағы еңбек жолын 2006 жылы бастап, бүгінгі күні 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маманға айналды. Осы уақыт ішінде оның қатысуымен 100 мыңнан астам азамат жеке куәлікпен құжаттандырылып, мыңнан астам қандасқа Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар жыл сайын 3 мыңнан астам шетелдік азаматқа еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру рәсімдері жүргізіледі. Азаматтығы жоқ 300-ден астам тұлғаның жеке басын анықтап, құжаттандыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылған.
— Көші-қон қызметі тек құжат рәсімдеумен шектелмейді. Бұл – адамдардың құқықтарын қорғау, олардың қоғамдағы орнын айқындауға көмектесу және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, — дейді Әсел Меделханқызы.
Қызмет барысында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, көші-қон заңнамасы талаптары түсіндіріледі. Сондай-ақ бөлімше қызметкерлері құжаттарды тексеру, есепке алу және түрлі санаттағы азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын күнделікті жүзеге асырады.
Көп жылғы адал еңбегі мен кәсібилігінің арқасында полиция подполковнигі арнаулы шеніне ие болған Әсел Меделханқызы үшін ең басты марапат – халықтың алғысы мен сенімі.
— Халыққа сапалы қызмет көрсету, әр азаматқа құрметпен қарау және заң талаптарын мүлтіксіз сақтау – менің басты ұстанымым, – дейді тәжірибелі полиция қызметкері.
Осындай өз ісіне адал мамандардың еңбегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған полиция қызметінің маңызды бөлігі.
