Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметке адалдық: әке жолын жалғаған апалы-сіңлілер

Солтүстік Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ететін апалы-сіңлілер Сания Нығметжанова мен Диана Дүйсенбинова әкелері, отставкадағы әділет полковнигі Нұрғожа Нығметжановтың жолын жалғап келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әділет полковнигі (отставкадағы) Нұрғожа Нығметжанов қылмыстық-атқару жүйесінде 30 жыл қызмет етті. Ол Алматы заң академиясын, сондай-ақ Ресейдің бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған. Қызмет жолын 1985 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 мекемесінің режимдік бөлімінде бастаған. Кейін осы мекеменің бастығы лауазымына дейін көтеріліп, 2010 жылы Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне ауысты. Мұнда ол режим бөлімінің бастығы, кейін департамент бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2018 жылы Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы ретінде зейнетке шықты.

1986 және 1988 жылдары Нығметжановтар отбасында екі қыз дүниеге келді. Бүгінде олар әкесінің жолын қуып, қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етіп жүр. Әділет майорлары Сания Нығметжанова мен Диана Дүйсенбинова бала күнінен әскери тәртіпке үйреніп өсті. Олар үшін форма кию, тәртіпті сақтау және әкелерін жұмыстан күту – өмірдің ажырамас бөлігі болды.

Сания тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне түсіп, салық ісі мамандығы бойынша білім алды. 2009 жылы ЕС-164/4 мекемесінің қаржы бөлімінде есепші-техник болып жұмысқа орналасты. Кейін Павлодар қаласында алғашқы дайындықтан өтіп, сержант шенін алды. Жоғары білімін Қазақстан заң академиясында құқықтану мамандығы бойынша жалғастырып, әділет лейтенанты атанды. Қазіргі уақытта Сания №50 мекеменің тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінде жасақ бастығы қызметін атқарады. Ол екі баланы – ұлын және қызын тәрбиелеп отыр.

– Қызмет мен үшін өте маңызды. Әкемнің жолын жалғап, оның бастаған ісін абыроймен жалғастыруды армандадым. Дегенмен, отбасым да басты назарда. Ұлым 7-сыныпта оқиды, күреспен айналысады. Қызым 2-сыныпта, көркем гимнастикаға қатысады. Болашақта олар да аталарының жолын жалғайды деп үміттенемін, – дейді Сания.

Диана Дүйсенбинова да еңбек жолын 2009 жылы бастады. Колледжді бітірген соң М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне түсіп, құқықтану мамандығын меңгерді. Ол алғаш Есіл ауданының ішкі істер органдарында тергеуші болып қызмет етті. 2015 жылы пробация қызметіне ауысып, қазіргі таңда осы бөлімнің бастығы лауазымында еңбек етуде. Диана да екі қыз тәрбиелеп отыр.

Апалы-сіңлілер белсенді өмір салтын ұстанады және әрдайым әкелерінің ақыл-кеңесіне жүгініп отырады.

– Біздің жұмысымыз – жай ғана мамандық емес, бұл – адалдық пен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Әкеміз бізге әрқашан үлгі болды. Болашақта біз де оның биік адамгершілік қағидаттарын сақтап, әділдік жолынан таймаймыз деп сенеміз, – дейді олар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру