Қызылорда облыстық ҚАЖД қызметкерлері “Мектепке жол” акциясына атсалысты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 және №68 мекемесінің қызметкерлері “Мектепке жол” акциясына атсалысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына материалдық және өзге де көмек көрсету.
Облыстық ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемесінің бастығы Мақсұт Өтегенұлы мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, үш бірдей көмекке мұқтаж көпбалалы отбасын алда келе жатқан Конституция күнімен және 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылына қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген сөмке табыстады.
– Бүгін «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетіп жатқан №60 мекеме бастығы Мақсұт Өтегенұлына және ұжымына алғыс білдіремін. Алланың нұры жаусын. Биыл бірінші рет қатысып жатырмын. Өзім де, жолдасым да аз ғана табыс табатындықтан бес баламды оқу жылына толықтай дайындау қиынға түседі. Мұндай іс-шара біз секілді көп балалы отбасыларға үлкен көмек екені сөзсіз. Балаларым дән риза, – деп өз қуанышымен бөлісті тұрғын.
Сонымен қатар ҚАЖД-ға қарасты №68 тергеу мекемесі ұжымының қызметкерлері де үш бірдей көпбалалы отбасының балаларын қуанышқа бөледі.
Мекеменің кадр тобының аға инспекторы Мирамбек Тұрымбетов және күзет бөлімінің бақылаушысы Нұрзия Қыдырбекқызы бірлесіп, көпбалалы отбасылардың үйіне барған болатын. Ең алдымен отбасының тірегінен айырылған, алты баланың анасының үйіне барып, төртінші сыныпқа аяқ басып жатқан балақайды мектепке қажеттіқұрал–жабдықтарын беріп, яғни, кітаптар салуға арналған сөмке және барлық мектепке қажетті қыл қалам, сызғыш, пластилин, сурет дәптері тағы басқа қажетті құрал-жабдықтармен толықтырды.
– Менің алты балам бар, оның үлкені студент үшеуі мектепке барады. Барлығына бірдей мектепке қажетті заттарды алып беруге шамам жетпейді. Ұлым төртінші сыныпқа ауысты, өте қуанышты. Жұмыстарыңыз берекелі сәтті болсын, балаларым үшін қуаныштымын. Сіздерге алғысым шексіз деп сөзін тәмәмдады, – көп балалы ана.
Келесі кезекте бір аулада бірнеше отбасы үй жалдап тұрып жатқан жанұяның біріне барып, екінші сыныпқа өткен кішкентай ғана бүлдіршін аруды қуантқан.
Көп балалы ананың айтуынша, үлкен балалары колледжге оқуға тапсырып грант жауабын күтіп отыр, ал қалғандарына мектепке қажетті заттарды біріне алып берсем, енді біріне алып бере алмаймын дейді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері балаларын асырау мақсатында үй сылаумен айналысатын тоғыз құрсақты анаға барған. Тоғыз баланың тең жартысы мектеп қабырғасында оқитындықтан тек мектептің берген құрал-жабдығын ғана алады. Ал, қалған қажетті заттарды қара жұмыс жасап жетілдіреді.
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасына мекеме басшыларынан бастап әрбір қызметкер белсене қатысқан.