Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы студенттермен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы студенттермен кездесті. Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл кездесу облыс орталығындағы Студенттер сарайында өтті.
Департамент бастығы Махсудхан Аблазимовтің бастамасымен ұйымдастырылған кездесуге жоғары оқу орындарының оқытушылары мен 500-ге жуық студент қатысты.
Бүгінгі кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейін арттыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін маңызды міндет” деп жастарға ерекше назар аударды. Жастарға сапалы білім берумен қатар еңбек нарығында да үлесін арттырудың маңызын атап өткен болатын.
Осы орайда, бүгінгі таңда елімізде сапалы білім мәселесіне баса мән беріліп, жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жастардың бастамаларын қолдау мәселесі де ерекше назарға алынған.
Кездесу барысында осы және өзге де маңызды мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құратынын, Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымызды, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.
Даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретінін, біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету екенін айтты.
Жолдауды іске асыру мақсатында полиция департаментімен кешенді шаралар қабылданып келеді. Азаматтарымыздың құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтілді.
2023 жылдың 9 айында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде өңірде тіркелген қылмыстың саны 3 пайызға, оның ішінде аса ауыр қылмыс, адам өлтіру, ұрлық, мал ұрлығы, тонау, қарақшылық, бұзақылық азайған.
– Қазіргі таңда халқымыздың сеніміне ие болып, сапалы қызмет көрсету үшін қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттырып, мамандар даярлау бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, өз қатарымызды білікті мамандармен толықтыру мақсатында 2019 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Болашақ университетімен кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы шектеусіз мерзімдегі меморандумға қол қойылған. Меморандумның аясында студенттерге департаменттің жұмысымен танысу үшін экскурсиялар ұйымдастырылып, конференция, семинар мен кездесулер өткізілді. Құқықтану мамандығының студенттері кесте бойынша полиция бөліністерінен өндірістік тәжірибеден өтуде. Түлектердің арасында іріктеу жұмыстары жүргізіліп, Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарының алғашқы даярлық курстарына жіберіліп, полиция органдарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 350 түлегі қабылданса, оның жетеуі басшы лауазымында қызмет атқарып жатыр, – дейді полиция департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов.
Сонымен қатар бүгінгі кездесу барысында Амиржан Утегенов жастарды полицияға жұмысқа шақырды. Бүгінгі күні полиция қызметкерлерін мемлекет барлық қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуде. Тұрақты жалақы, қызмет бабымен өсу, еңбекақы сақталатын ұзақ еңбек демалысы және сауықтыруға берілетін жәрдемақы төлемі, еңбек сіңірген жылдар бойынша мерзімінен бұрын зейнетке шығу.
Бүгінгі шара барысында жоғары оқу орнының оқытушылары марапатталды. Атап айтқанда, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінінің басқарма төрағасы, ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімоваға және бірқатар оқытушыларға Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының алғыс хаты табысталды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің атынан ішкі істер органдарының құрметті ардагері, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағамбетов пен полиция департаменті бастығының орынбасары, заң ғылымдарының магистрі Амиржан Утегенов аталған оқу орнының алтын медалімен марапатталды.
Студенттермен өткен бүгінгі кездесу тікелей диалог форматында өтті. Кездесу барысында студенттер өз идеялары мен пікірлерін ашық білдіріп, сұрақтар қойды. Амиржан Утегенов жастармен еркін әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтты.