Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ІІМ академиясының 300 курсанты ант қабылдады

Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы 1-курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл сәт курсанттардың есінде мәңгі қалатыны сөзсіз.

– Ант беру рәсімі – әр курсанттың өміріндегі ерекше сәт. Олар өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруға, еліне қамқор болуға ант береді. Бұл ант олар үшін өз халқына және Отанына деген адалдығының дәлелі, – деді ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков.

Биыл ІІМ Алматы академиясы өз қатарына елінің игілігі мен оның қауіпсіздігіне қызмет етуге дайын 300 курсантты қабылдады. Осы уақытқа дейін болашақ полицейлер өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға дайын болу үшін арнайы жаттығулары мен жас жауынгерлік курстарынан өтіп келді. Алда оларды құқық қорғау саласындағы түрлі мамандықтар бойынша оқу бағдарламасы күтіп тұр.

– Айта кетсек, биылғы жылы it-криминалистика, киберқауіпсіздік, ақпараттық жүйелер, құқық қорғау қызметі және жол-техникалық инспекция саласында мамандар даярлау сияқты жаңа мамандықтар енгізілген, – деді Сайтбеков.

Бұл әр курсанттың өміріндегі жаңа кезең болатыны анық. Олар тәртіп пен қауіпсіздікті сақтай отырып, өз еліне және халқына қызмет етуге дайын.

– Бұл тарихи сәт жаңа Қазақстандағы жаңа полицейлердің кәсіби дамуының бастамасы ғана. Барлық курсантты құттықтаймыз және оларға адал да абыройлы қызмет тілейміз, – деп қорытындылады Айдар Сайтбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру