Қызылорда облысында "Абайлаңыз, жаяу жүргінші!" ЖПІШ ұйымдастырылды
Қызылорда облысында "Абайлаңыз, жаяу жүргінші!" ЖПІШ ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында "Абайлаңыз, жаяу жүргінші!" жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда.
Іс-шараның мақсаты – жаяу жүргіншілер арасында жол қауіпсіздігі талаптарын насихаттау, жол ережесін сақтау жауапкершілігін арттыру және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Бағдаршам маңында Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ержан Шамахов оқушыларға жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкері жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпеу, жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану және бағдаршамның талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті. Сонымен қатар жолдан өтер алдында көлік қозғалысының қауіпсіздігіне көз жеткізіп, жан-жаққа мұқият қараудың маңыздылығы айтылды. Балаларға жол үстінде ұялы телефонға алаңдамау, құлаққаппен жүрмеу және жол бойында ойнамау қажеттігі де түсіндірілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек жаяу жүргіншілерге ғана қатысты емес. Жүргізушілер де жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайын жіті бақылауы қажет. Әсіресе мектептер мен балабақшалар орналасқан аумақтарда, сондай-ақ адам көп шоғырланатын орындарда ерекше сақтық таныту маңызды.
– Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Бұл ретте ата-аналардың да рөлі ерекше. Ересектер балаларына жол жүру ережелерін үнемі түсіндіріп, өз әрекетімен дұрыс үлгі көрсетуі қажет. Бала жол ережесін теория жүзінде білгенімен оны күнделікті өмірде дұрыс қолдануы үшін үлкендердің бақылауы мен бағыт-бағдары маңызды, - дейді Ержан Шамахов.
Жол қозғалысы ережесін сақтау – тәртіптің ғана емес, адам өміріне деген жауапкершіліктің көрінісі. Жүргізуші мен жаяу жүргінші өзара құрмет пен сақтық танытқан жағдайда ғана жолдағы қауіпсіздікті арттыруға болады.
"Абайлаңыз, жаяу жүргінші!" іс-шарасы аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
