Қызылорда облысында есептегі сотталғандар тұрақты жұмысқа жолдама алды
Қызылорда облысында есептегі сотталғандар тұрақты жұмысқа жолдама алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал ауданындағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Арал ауданының Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге аудандық пробация есебіндегі жұмыссыз азаматтар қатысты. Жұмыссыз азаматтарға 20 мекемеден 160 бос жұмыс орны ұсынылды.
Шараға Арал аудандық прокуратурасының көмекші прокуроры С.Жетпісбаев және Арал аудандық пробация қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған жұмыссыз сотталғандар жұмыс іздеуші ретінде қатысқан болатын. Жәрмеңке барысында 20-ға жуық жұмыс беруші мекемелерден 160 бос жұмыс орны ұсынылып, пробация қызметінің есебінде тұрған екі сотталған бос жұмыс орындарына жолдама алды.
Аудандық пробация қызметінің бастығы Серік Сейталиевтің айтуынша, жыл басынан бері 25 сотталған жұмыспен қамтылған.
– Бес азамат жұмыссыз болатын, бүгінгі жәрмеңкеден екі азамат жұмыс тапты. Алдағы уақытта жұұмыссыз 3 азаматты жұмысқа орналастыратын боламыз. Есептегі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру – олардың түзелу жолына түсуіне үлкен септігін тигізеді, – дейді пробация бастығы.