Қызылорда облысында сексеуілді кескен ауыл тұрғыны ұсталды
Қызылорда облысында сексеуілді кескен ауыл тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің нұсқауына сәйкес, облыс көлемінде «Киік», «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шаралары өтіп жатыр. Іс-шаралардың мақсаты – табиғат қорғау заңнамасына қатысты бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу, анықтау.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында 4 мамыр күні 48 жастағы аудан тұрғынының басқаруындағы ЗИЛ жүк көлігі тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан көлемі 3 куб заңсыз кесілген сексеуіл бұтасы анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 340-бабының 1-бөлігімен (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осыған орай Қызылорда облысының полиция департаменті аң, балық аулау және ағаштар мен бұталарды кесу талаптарын бұзу, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратынын ескертеді.