Қызылорда облысында сотталған азаматтар III құрлықаралық онлайн шахмат чемпионатына қатысты
Қызылорда облысында сотталған азаматтар III құрлықаралық онлайн шахмат чемпионатына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11-13 қазан аралығында FIDE Халықаралық шахмат федерациясының қолдауымен сотталғандар арасында үшінші құрлықаралық онлайн шахмат чемпионаты өткізілді. Шараға Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар да қатысты.
Бұл іс-шара «Шахмат – еркіндік үшін» бағдарламасы аясында бүкіл әлем бойынша түзеу мекемелеріне шахматты тәрбиелеу және әлеуметтік бейімдеу құралы ретінде енгізуге бағытталған. Турнирдің мақсаты – әлемнің түкпір-түпкіріндегі түзеу мекемелерінен қатысып жатқан азаматтардың өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беру, сондай-ақ олардың оңалуына және әлеуметтенуіне ықпал ету.
– Шахмат – бұл интеллектуалды ойын ғана емес, стратегиялық ойлауды, өз-өзін бақылауды дамытудың және өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдірудің құралы. Бір команда төрт адамнан қатысып, сынға түседі. Бұл турнирге 2019 жылдан бері Chess.com платформасы арқылы қатысып келеміз. Қазақстандық команданың атынан 2022 жылы бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдеп, IV орын иелендік, – деді жазасын өтеуші.
Чемпионат соңында нәтижелі ойын көрсеткен сотталғандар «Үздік команда», «Үздік шахматшы» номинацияларына ие болды.