Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізіліп жатыр

Қызылорда облысында сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінің өндірістік аймағында он төрт кәсіпкер кәсібін ашып, мерзімін өтеуші азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Соның бірі – РМК “Еңбек – Қызылорда” филиалы.

Аталған мекемеде жазасын өтеп жатқан 4 сотталған екі ауысыммен тәулігіне 500 граммнан шамамен 1000-1500 дана нан пісіріп, №60, №68, №37 мекемелеріне үлестіріліп береді.

– Біздің түзеу мекемеде еңбек етіп жүрген азаматтардың барлық құқықтары қорғалған. Оларға жалақы төленеді. Зейнетақы қорына ақшалары аударылады. Өндірістік жарақат ала қалған жағдайда да көмек көрсетіледі. Сотталғандардың жұмыспен қамтылуы олардың пайдасына шешіліп, тек жақсылыққа бастайды, – дейді мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы Толқынай Тлеубекова .

– Бұл цехта наубайшы болып еңбек етемін. Бір ауысымда екі адам жұмыс жасаймыз. Жалақымыз тындырған ісімізге байланысты тұрақты түрде төленеді. Зейнетақы қорының аударымдары жөнінде де осылай дей аламын. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Бастапқыда бұл істің жай-жапсарын білмедім. Қазір өз ісімнің маманымын, – деді жазасын өтеуші.

Жұмыс беруші кәсіпкердің сөзінше, бұл еңбек етуші бастапқыда басқа әріптестеріне көмекші ретінде көмектесіп жүрген. Уақыт өте бұл іске деген қызығушылығы артып, барлығын тез-ақ меңгеріп алған-ды. Нәтижесін көргендіктен болар, жазасын өтеп шыққаннан соң бұл ісін әрі қарай жалғастыру ойында барын жеткізді.

– Сотталғандар бостандыққа шыққан соң табыс көзін іздейтіні анық. Демек оларды жұмысқа тарту мәселесіне бүгіннен бастап көңіл аударғанымыз дұрыс. Осы мәселені шешуге бір ықпалым тисін деп, осы мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарды жұмыспен қамтимын. Кәсібім қазіргі таңда көңіл қуантарлық нәтижеге ие. Алдағы уақыта тұтынушы талабына сай еңбек етушілер санын көбейту жоспарда бар, – деді өз сөзінде кәсіпкер Айбек Сәдібеков.

Жұмыспен қамтып отқан кәсіпкер тапсырыстың көптігіне байланысты алдағы уақытта қызметкерлер санын арттыру жоспарда бар екенін айтып, қоластындағы қызметкерлерің еңбегіне ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ бас бостандығынан айырылған азаматтардың бұл еңбегі – тәрбиелік ықпалмен қатар, жазаны міндеттеушінің бірі. Жазасын өтеушілерді еңбекке тарту негізінде қылмыс жасаған кезде келтірілген шығындары мен зардаптарының орнын толтыру міндеттілігі де жатыр. Осы себептермен жыл басынан бері шаруашылық бөліміне қалдырылған оннан астам сотталған сот белгілеген шығындарын айлық жалақысынан ұстау барысында толықтай өтеп, төлеп шықты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру