Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында төтенше жағдай режимі аяқталды

Қызылорда облысында төтенше жағдай режимі аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының жарлығымен Қызылорда облысында 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимі жарияланып, коменданттық сағат пен бірқатар шектеулер енгізілді.

Облыста нарядтар күшейтіліп, қаруланған полиция қызметкерлері мен әскерлер тәулік бойы қызмет атқаратын 28 блок-бекет қойылды.

Төтенше жағдай кезінде полицияға 952 азамат жеткізілді. ТЖ режимін бұзған 414 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әкімшілік қамаққа 253 құқық бұзушы алынып, олардың 73 босатылды.

– Қылмысқа күдіктелген 97 адам уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. 12 күдіктіге қатысты қамаққа алуға байланысты емес бұлтартпау шарасы таңдалды. Ұсталғандардан бір данадан тегіс ұңғылы және травматикалық қару, 13 дана пышақ, 9 қалқан, төрт каска, алты дулыға, бір бронежилет және бір келі 150 грамм есірткі заттары алынды, – деп атап өтті Қызылорда облысы бойынша ПД бастығы Бектөре Сұлтан.

Медициналық мекемелерге 50 полиция қызметкері жүгініп, олардың үшеуі жатқызылды.

«1414» жедел желісіне түске 80 мыңнан астам өтініш қаралып, тиісті шаралар қабылданды.
Қазіргі таңда барлық мемлекеттік мекемелер, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, екінші деңгейдегі банктер, ТЖ вокзалы және аэропорт штаттық режимде жұмыс жасауда.
Зақымданған әкімшілік ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Түнде төтенше жағдай режимі аяқталып, коменданттық сағаттың 23.00-ден 07.00-ге дейінгі және басқа да шектеулері алынды. Жалпы, қоғамдық-саяси ахуал бақылауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру