Қызылордада брифинг өткізілді
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстың алдын алу, ізін суытпай ашу мақсатында 2020 жылдың 23-30 қарашасы аралығында республика аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Профилактикалық іс-шара кезінде ішкі істер органдарында есепте тұрған 736 тұлға тексерілді. Екі ұрлық және бір алаяқтық қылмысы ашылды.
Облыс бойынша барлығы 1 098 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде болған 135 тұлға, тыныштықты бұзған 67 тұлға, алкоголь өнімдерін сату тәртібін бұзған 12 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жылдамдықты шамадан тыс асырған 155, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 33, көлікті мас күйінде басқарған 10 жүргізуші анықталып, оларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
– Қыс мезгілінде ауа райының өзгеруіне және жолда көктайғақ болуына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілеріне дөңгелектерін қысқы шинаға ауыстыру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауыстырылмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігімен жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламыз. Жаяу жүргіншілерге де жол жағдайын ескеріп, көлік құралынан қауіпсіз арақашықтықты сақтап, жолды тек белгіленген орыннан өту қажеттігін ескертеміз, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев.
Карантин талаптарын бұзу деректерін анықтау бойынша облыста 24 мониторингтік мобильді топ жұмыс істейді, олар 5 шілдеден бастап карантин талаптарын бұзудың 894 фактісін анықтады, оның басым бөлігі той жасау деректері (538 немесе 60,2 %) болып табылады.
– Мониторингтік мобильді топтар өз жұмысын жалғастыруда. Сондықтан індеттің таралуының алдын алу бағытында той, отбасылық мерекелерді атап өтуді тоқтатуды сұраймыз. Санитарлық тазалықты сақтап, бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтағанда ғана індеттің алдын аламыз, – деп толықтырды Бауыржан Ибраев.