Қызылордада кәсіпкер түзеу мекемесіне 200 дана трамадол өткізбек болған
Қызылордада кәсіпкер түзеу мекемесіне 200 дана трамадол алып кірмек болған жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мемлекеттік мекемесінінде мекеменің өндірістік аймағына өту мақсатында келген жұмыс берушіні мекеме қызметкерлері жеке тексеру барысында қос аяқ киімінің ішінен белгісіз зат табылды. Оқиға мекеме басшысына баяндалып, Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобы шақырылып, кәсіпкерден табылған зат тіркеуге алынды. Текеру барысында ақ түсті полиэтилен пакетке оралған 200 дана дәрі тәріздес зат екені анықталды. Кәсіпкердің сөзінше екі полиэтилен пакетке бөлініп жасырынған зат – трамадол.
Аталған дерек мекеменің режим бөлімі тексеру тобының бақылаушысы Досхожаев Мейірбектің анықтауымен тіркелді.
– Өз қызметімді орындау барысында мекеме сотталушыларын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерді жеке тексеру кезінде екі аяқ киімінің ішінен белгісіз заттың жасырынғанын байқадым. Алып қарағанымда дәріге ұқсас дөңгелек заттың жасырынғанын байқап, дереу мекеме басшылығына баяндап, белгісіз заттың мекеменің ішкі аймағына енуінің алдын алдым,- деді режим бөлімі, тексеру тобының бақылаушысы Досхожаев Мейірбек.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімінің анықтаушысы Алмас Балтабайұлы кәсіпкерді өз құқығымен таныстырып, табылған зат пен қос аяқ киімін тәркіледі.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.