Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысының бас полицейі халыққа есеп берді

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев халық алдында есеп берді. Сәтбаев қаласының Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен есептік кездесуге облыс тұрғындары, түрлі саланың жауапты мамандары мен қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Департамент басшысы өз сөзін өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылаумен бастады. 2022 жылдың 25 шілдесінде Ұлытау облысының полиция департаменті құрылғаннан бастап, қылмыспен күресте едеуір жұмыстар атқарылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде сотталған адамдармен және мас күйде қылмыс жасау, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысы азғындық әрекеттер жасау, адамның өліміне әкелумен байланысты денсаулыққа ауыр зиян келтіру, автоколіктерді айдап кету мен ұрлау, интернеттегі алаяқтық қылмыстарының саны азайған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын ұсынған болатын. Осы тұжырымдаманы іске асыру қазіргі таңда полицияның негізгі басты бағыттарының бірі. Осы орайда полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарымен тығыз байланыс орнату мақсатында кешенді түрде азаматтарды қабылдау өткізуде. Учаскелік инспекторлар өз әкімшілік аумақтарында күнделікті қабылдау өткізсе, полиция бөліністерінің басшылары жеке сұрақтармен қабылдауды жүзеге асыруда.

Сонымен қатар полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарында күнделікті арыз-шағымдарға ден қою, уақытылы жауап беру қарастырылған.

Ұлытау облысының полиция департаментімен қылмысқа қарсы күресте және қылмыстардың алдын алу профилактикасына арналған 2023 жылдың кешенді жоспары құрылып, осы жоспардың шеңберінде бағытталған қажетті жедел алдын алу шаралары жүзеге асырылуда, кешенді жоспардың нәтижесінде осы жылдың алғашқы тоқсанында облыс аумағында тіркелген қылмыстар саны төмендеді, – деді Қайыркен Әлиев.

Облыстың бас полицейі кездесу барысында халықпен тығыз байланыста болуға, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге сенім білдірді. Осы орайда өз бастамасымен облыс тұрғындарына арналған “Көршілер бақылауы” Telegram чатын іске қосқанын тілге тиек етті.

Былтырғы жылы желтоқсан айында алғаш рет Жезқазған қаласында құрылған бұл байланыс чаты қазіргі уақытта барлық қала, аудандарда қосылған. Бұл байланыс чатта полиция бөліністерінің басшыларынан бастап, учаскелік инспекторлар өз аумағы бойынша арыз-шағымдарға дер кезінде жауап береді.

Есептік кездесуге арнайы келген облыс тұрғындары департамент басшысына түрлі сауалдар жолдап, толыққанды жауап ала алды. Кездесуде жол белгілері, жылдамдықты асырған көлік жүргізушілер, қаладағы бейне камералардың саны мен сапасы жайлы, саяжайға полиция бекетін орналастыру секілді арыздар мен ұсыныстарда айтылды. Көпшілік арасынан сөз алған қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кездесу соңында полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру