Қызылордада мемлекеттік қызметкерлер тергеу изоляторына барды
Қызылордада мемлекеттік қызметкерлер тергеу изоляторына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ұйымдастыруымен, ЗК-169/1 тергеу изоляторына мемлекеттік қызметкерлер келді. Басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Профилактикалық шаралардың тиімді құралы ретінде бұл қызметкерлерге қылмыс жасаған адамдардың ұсталу шарттары таныстырылды. Олар камераларды көзімен көріп, қамаудағылардың ұсталу жағдайымен танысты.
Мекеме қызметкерлерінің айтуы бойынша қамаудағылардың ұсталу жағдайы бәріне бірдей. Сыбайлас жемқорлық баптары бойынша келіп түскен қамаудағы азаматтарға өзгелерден бөлек жағдай жасалмайды. Мұнда күн тәртібі бәріне бірдей. Кезекпен серуенге шығып, режим бойынша тамақтанып, белгіленген уақытта туыстарымен кездесіп отырады.
Тергеу изоляторында барлық жерге бейнебақылау орнатылған. Коррупциялық қылмыстары бойынша күдікті не айыпты деп танылғандар сот шешімі не аппеляция шешімі шыққанша осында болады. Сонымен қатар, бес жыл мерзімге дейінгі сотталғандар осындағы шаруашылық бөліміне қалдырылады. Кейде бір қаладан, екінші қалаға этаппен кететіндер де мұнда жиі қонып, қатаң бақылауда болады. Осы тұрғыда мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қ. Олжабаев келген азаматтарға қысқаша түсіндірме жұмысын жүргізді.