Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер мен блогер тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Қызылордада полицейлер мен блогер тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласында қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері танымал блогер Нұржанмен бірлесіп, “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында профилактикалық рейд жүргізіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын өткізді.

Нұржан – өңірдегі белсенді блогерлердің бірі. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 76 мыңға жуық оқырман жазылған.

Іс-шараның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы бағытта қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сауда үйлері мен базарларда болып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратып, сақтық шараларын түсіндірді.

Рейд барысында түсірілген бейнероликте шынайы эмоциялар мен түсіндіру жұмыстарының маңызды сәттері көрініс тапты. Бейнематериал блогердің әлеуметтік желідегі парақшасына жарияланып, көпшіліктің оң бағасына ие болды.

— Қазіргі таңда интернет-алаяқтық кең тарап жатыр. Сондықтан әр азамат сақ болуы керек. Осындай рейдтер арқылы халыққа пайдалы ақпарат жеткізу – барлығымызға ортақ міндет, – деді Нұржан.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері де тұрғындарды бейтаныс қоңырауларға сенбеуге, жеке мәліметтерді жария етпеуге және күмәнді жағдайларда бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.

Полиция алдағы уақытта да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру