Қызылордада полицейлерден қашқан мас жүргізуші ұсталды
Қызылордада полицейлерден қашпақшы болған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді.
Мәселен, түнгі уақытта сағат 00:45 шамасында Қазақстан көшесінің бойында өрескел құқық бұзушылық жасағаны үшін Mercedes benz автокөлігін тоқтатқан. Полиция қызметкері өзін таныстыру барысында автокөлік қатты жылдамдықпен басып, тәртіп сақшыларынан қашпақшы болды. Алайда құқық бұзушы Торайғыров көшесінің бойынан ұсталды.
Наркологиялық сараптама нәтижесі бойынша оның «орта дәрежелі» масаң күйде болғандығы анықталды.
Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) және 613 бабының 1-бөлігімен (Полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік айып алаңына қойылды.