Қызылордада пробация есебіндегі жастар мәдени орындарға экскурсия жасады
Қызылордада пробация есебіндегі жастар мәдени орындарға экскурсия жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастар арасында мәдени орындарға саяхат ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, киелі мекендермен таныстыра отырып, еліміздің бай мұрасын насихаттау. Пробация есебінде тұрған жастар мәдени орындарды аралай отырып, саяхаттан ерекше әсер алып қайтты.
– Бұл саяхат біздің білімімізді арттырып қана қоймай, рухани әлемімізге де мол қазына сыйлады. Тарихи мекендерге жасалған сапар басқа саяхаттарға қарағанда ерекше болады екен. Мұны жастарға керекті нағыз рухани байлық, ғибратты шара деп білеміз. Сол үшін осындай сапарлар жиі болып тұрса деген тілегіміз бар, – деді жастар.
Ұлттық мұраны дәріптеген тарихи-мәдени сапар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрақты түрде жүргізілетін болады.
– Пробация есебіндегі тұлғалармен спорттық, мәдени шаралар, құқықтық кеңестерді жиі түрлі кездесулер мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылып келеді. Басты мақсатымыз – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Бостандығынан айырмай жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған сотталғандарды бақылап қана қоймай, оларды еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу , – дейді Жалағаш аудандық ПҚ-ның инспекторы Еркін Оразалыұлы.