Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде ҰОС ардагерінің немересі қызмет жасайды

Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде ҰОС ардагерінің немересі қызмет жасайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 мамыр –Ұлы Жеңіс күні. Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр.

– Бұл Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің және майданға барған аталарымыздың ерлігінің, батылдығының арқасында келді. Сұрапыл соғыс жылдарында неше мыңдаған есіл ерлеріміз ерлікпен қаза тауып, мүгедек болып оралып, хат-хабарсыз кеткендері қаншама. Біздердің бұлай бейбіт өмір сүруіміз соғыста жан аямай ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың арқасында деп білемін. Сұм соғыс басталысымен 18-ге жаңа толған өрімдей жас азаматтар соғысқа аттанып жатты. Солардың қатарында менің де атам болған екен, – дейді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінде бақылаушы болып жұмыс жасайтын әділет старишинасы Нұрлан Ахметов.

Ахметов Жүніс 1925 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы, Тартоғай қыстағында дүниеге келген. 1943 жылы наурыз айында әскер қатарына шақырылған. 361 атқыштар полкі қатарында Беллоруссия майданында соғысқа қатысқан. Соғыстан кейін 1945 жылы елге оралысымен атам бейбіт өмірге араласып, еңбек жолын бастады. 1967 жылға дейін Тартоғай ауылдық атқару кеңесінде хатшылық қызмет атқарған. Бірнеше рет ауылдық кеңес депутаты болған. Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, “Германияны женгені үшін”, “Белоруссияны азат еткені үшін”, “Г.К.Жуков” жауынгерлік наградаларымен марапатталса, бейбіт өмірде  әр жылдары Ұлы Отан соғысының мерекелік медалдарымен, “Астанаға 10 жыл” медалімен марапатталған.

– Атамның әңгімелерінен соғыс уақытындағы жағдайдың қиындығына қарамастан, сол уақыттағы халықтың жасы да, кәрісі де жеңіс үшін аянбай еңбек еткенін, жауға қарсы тайсалмай күрескенін түсіндім. Атам 2010 жылы 85 жасында дүниеден өтті. Осындай тәлімді әңгімелерін тыңдап өскен ер азамат ретінде, елге қызмет ету керектігі менің санамда берік қалыптасқан, – дейді Нұрлан Ахметов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру