Қызылордада пробация қызметкері түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесті
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 мекемесінде жаза мерзімінің аяқталуына бір жыл қалған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Н.Көшекбаев сотталған азаматтарға Қазақстан Республикасының «Пробация туралы» Заңының талаптарын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Пробация қызметкері сотталған азаматтарға оларға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмек түрлері, пробация қызметіне тіркелу және жаза өтеу тәртібі, сот жүктеген міндеттерді тиісінше орындау, пробациялық бақылауды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түрлері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.
Бұдан кейін сотталған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасының іске асырылу барысы туралы айтылды.
Кездесу соңында сотталғандар пробация қызметкеріне сұрақтарын қойды. Сұрақтар медициналық көмек алу, мекенжайды өзгерту және облыс аумағынан шығу сияқты мәселелерді қамтыды. Сотталған азаматтар қойылған сұрақтарына толыққанды жауаптар алды.