Қызылордада психологтар сотталғандармен «Есірткісіз болашақ» тақырыбында іс-шара өткізді
Қызылордада түзеу мекемесінің психологтары сотталғандармен «Есірткісіз болашақ» тақырыбында іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен психологиялық тренингтер жиі өткізіліп тұрады. Психологиялық тренингтердің сотталған азаматтардың өзін-өзі өзгертуде, қоғамнан өз орнын табуда, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырып, бейімдеуде маңызы өте зор.
2021 жылғы 25 ақпанда ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен мекеме психологы Ш.Кулбаева «Есірткісіз болашақ» тақырыбында шара өткізді. Шараға облыстық нашақорлық орталығының психологтары қатысып, сотталған азаматтарға дәрістер оқыды.
Шара барысында психологтар сотталғандармен «Жылы лебіз», «Акула» сияқты психологиялық жаттығуларды ұйымдастырды. Өткізілген тренингтер сотталған азаматтардың өздерін еркін ұстауына, іс-шараға белсенді қатысуына, шығармашылық қырларын танытуға ықпал етті.