Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері тыл ардагерін мерекемен құттықтады

Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері тыл ардагерін мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінің қызметкерлері тыл ардагері Зоя Бапалақованың үйіне арнайы барып, тұрмыс-тіршілігін көріп, мерекемен құттықтап шықты.

Соғыс басталғанда небәрі жеті жаста болған әжеміз етігімен су кешіп, масақ терген. Ол кезде 7-8 жастағы балалар толыққанды жұмысшы адамдар болып саналған.

– Бізде балалық шақ деген дәурен болмаған. Мектептің 4-7 сыныбындағы балалардың бәрін егінге апаратын, – дейді ардагер.

Тыл еңбегінің ауыр жүгін арқаласа да, ұрпағының бүгінгі бақытты сәті үшін көрген тауқыметіне еш өкінбейтінін де айтты Зоя әжей.

Жұбайымен 9 бала өсіріп, олардан тараған немере, шөбере қызығын көріп отырған кейуана қазіргі бейбіт заманға шүкіршілік етеді. Қазір немере-шөберелерінің ортасында отырған қария оларға үнемі төзімділік пен еңбекқорлық жайлы жиі айтады. Тыл ардагері “Күміс алқа”, “Алтын алқа”, “Ветеран труда”, “Жеңістің 70 жылдығы” төс белгілерімен марапатталған.

87 жасқа келген әжейден естіген әңгімеден рухани азық алып қайтқан ҚАЖ қызметкерлері ардагердің батасына кенелді. Ардагер де бұл сала қызметкерлеріне бала жүректі қарияның көңілін аулап, елеп-ескергені үшін алғысын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру