Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада тергеу изоляторының басшылығы қамаудағы әйелдерді мерекемен құттықтады

Қызылордада тергеу изоляторының басшылығы қамаудағы әйелдерді мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ЗК-169/1 тергеу изоляторында 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай мекеме басшылығы қамауда ұсталынып отырған әйелдерге көңіл бөліп, мейрамдарымен құттықтады.

Бостандықта бірі – отбасының анасы, бірі – ақылшы апасы болған нәзік жандылар қылмыстарына өкінеді.

Әйтседе, өз қолымен жасағандарын мойнымен көтеріп, жазасын өтеуде. Аңдамай шалыс басып, қылмыскер атанса да, жүректерінің түкпіріндегі әйелге тән мейірімділік көздерінен көрініп тұрады.

– Бүгін әкімшілік тарапынан оларға жылы сөйлеуге, жандарын түсінуге тырыстық. Барынша көңілдерін көтеру мақсатында мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсындық. Бұл қаяу көңілдеріне қуаныш ұялатып, бостандыққа шығуға деген талпынысын арттырып, үміт сыйлайды, – дейді мекеме бастығының орынбасары А.Битаев.

Ал жүректері жаралы, жандары жабырқау тартқан жандар ертерек жазасын өтеп шығып, отбасыларымен қауышқылары келеді. Ұрпақ тәрбиелеп, адал еңбек етуді, абайсызда жағылған қара күйеден тазарып, ағайын-туыстың алдында жүздерінің жарқын болуын қалайды.

–  Үйде болғанда балаларым да мерекемен құттықтар еді. Осылай болу керек болған шығар, бірақ, осыған да шүкір. Мекеме басшылығының бізді ескеріп, елеп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді шаруашылық бөліміне қалдырылған Н. есімді сотталған әйел.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру