Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорданың түзеу мекемесінде кәсіпкерлердің қатысуымен ашық есік күні өткізілді

Қызылорданың түзеу мекемесінде кәсіпкерлердің қатысуымен ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде ҚАЖ департаменті облыстық прокуратура және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ашық есік күнін өткізді. Шараға өңірдегі біршама кәсіпкерлер қатысып, режимдік аймақтағы қызу тірлікпен танысты. Сондай-ақ, цехтарда жұмыс жасап жатқан сотталғандардың жасаған бұйымдарын тамашалады.

Кәсіпкерлер үшін түзеу мекемесінде өз кәсібін ашуға жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгін ашық есік күнін өткізіп, кәсіпкерлерді осы мекемеге шақыруымыздың себебі – оларды өндірістік аймағындағы бос ғимараттарды өз көздерімен көріп, өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесу. Жазасын өтеушілер үшін де жұмыспен қамтылу өте маңызды. Білікті жұмыс күші де осы жерден табылады. Бұл ұсыныс ісін жаңа бастаймын деген кәсіпкерлерге тиімді, – дейді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров

Бұл шараның маңыздылығына ден қойған облыстық кәсіпкерлік палатасының өкілдері жыл сайын бірлесіп жүйелі жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

– Енді жылда осындай шара өткізіп, кемшін тұстарын жетілдіріп, қандай бағытты дамыту керек, сол жөнінде жұмыстар атқаруға келістік. Кәсіпкерлерге несие гранттарын беріп, кәсібін дамытуға қолдау көрсеткенбіз. Өздеріңіз көргендей, дәл қазірдің өзінде түзеу мекемесінде қаншама кәсіпкер кәсіптерін дөңгелетіп, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отыр. Істің көзін таба білген адамға кез келген жерден нан табуға болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Қазіргі таңда ЗК-169/5 мекемесінде 800-ден астам сотталған жазасын өтеуде. Олардың 400-ге жуығы РМК «Еңбек-Қызылорда» филиалында, яғни мекеменің өндіріс аймағындағы 9 жеке кәсіпкермен жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмысқа орналастырылған. Қос тараптың өзара келісімі бойынша түзеу мекемесінде жұмыс көзін арттырса, сотталғандарды түгел жұмыспен қамтып, сотпен келтірілген шығындарды өтеуге мүмкіндік жасай алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру