Қызылордада үш адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды
Қызылордалық полицейлер бірнеше ұрлыққа қатысы бар облыс тұрғындарын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қарашада Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 44 жастағы қала тұрғыны хабарласып, 8 қараша күні түнде белгісіз біреулердің ауласында тұрған «Опель Вектра» маркалы автокөлігінің есігін бұзып, «Самсунг» маркалы екі ұялы телефонын және «Атлант» маркалы аккумуляторын ұрлап кеткені туралы шағымданған.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен облыс орталығының үш тұрғынын ұстады.
Олардың қала аумағында жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру кезінде күдіктілердің осыған ұқсас ұрлықтардың төрт дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі есептелуде.
Күдіктілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кірумен жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Заттай айғақтар алынды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.